Ғылыми кітапхана

Кітапхана 1934 жылы 22 қыркүйекте Семей геологиялық-барлау техникумы кітапханасы негізінде 1 000 дана кітап қорымен ашылды. Кітапхананың бірінші меңгерушісі болып Заозерский А.И. тағайындалды. Алғашқы кездері кітап қоры,оқу құралдары жетіспеді, кітапхана штатында екі-ақ адам болды. 1934 жылдың соңына қарай кітапханада барлығы 8 692 кітап болды, бұл студенттер мен оқытушылардың сұранысын қанағаттандыра алмады. Оның ішінде тіпті ең қажетті оқулықтар мен оқу құралдары да болған жоқ, кафедралардың рұқсат қағазымен 10 адамға 1 кітап берілді.

1955 жылдан кітапхана Қазақстанның қара, түсті металлургия, көмір өнеркәсібі министрліктері басылымдарымен толыға бастады. 50-60 жылдары кітапхана қорына В.В. Фаворский, В.К. Монич, К.Г. Войновский- Кригер, А.В. Бричкин тәрізді ғалымдардың жеке кітапханаларынан геология, кен ісі бойынша кітаптар келіп түсті. Жаңа факультеттер ашылғаннан кейін және Қазақ кен- металлургия институты политехникалық болып қайта құрылғаннан кейін, елдің жетекші жоғары оқу орындары – Мәскеудің кен ісі және энергетика институттары, Ленинградтың кен ісі және политехникалық инситуттары, Одақтық сырттан оқытатын политехникалық институты кітапхананың кітап қорын толықтыруға үлкен көмек көрсетті. Институт қызметкерлері мен түлектері - П.Я. Авровтың «Ақтөбе, Орал маңы мен Батыс Орал маңы мұнайлы және газды орындардың геологиялық құрылымы мен алға өрлеуі», С.Г. Анкиновичтің «Солтүстік Тянь-Шань мен Орталық Қазақстанның Батыс бөлігінің ванадий бассейні төменгі палеозей кезінде», Е.Д. Шлыгиннің «КСРО геологиясының қысқаша курсы», Ө.А. Байқоңыровтың «Кен орындарынан кен алудың әдістерін жіктеу және таңдау» оқулықтары мен оқу құралдары пайда болды.

1960 жылы әдебиетті толықтыру және ғылыми өңдеу бөлімі құрылды. Әмбебап ондық жіктеу жаңа сызбасына сәйкес каталогтарды қайта жіктеу басталды. Университеттің құрдасы болып отырған кітапхана, сол университетпен бірге тыныстай отырып дамып, жаңа қасиеттарге ие бола бастады, студенттер мен ғалымдарға өз қызметтерінің негізгі салалары бойынша кітапханалық - ақпараттық қызмет көрсетті, мамандардың бірнеше ұрпақтары осы кітапхана қорын пайдалана жүріп, өсіп жетілді. Кітапхана - ғылыми, техникалық ойдың түйінді орны, жетіліп, қалыптасқан ғалымдар, PhD- докторанттар, магистранттар және солар тәрізді болуға дайындалып жүрген студенттер мен оқушылар үшін қажетті білім мен ақпараттың көзі болып табылады.

Ғылыми кітапхана 1997 жылдан техникалық оқу орындары кітапханалары үшін облыстық әдістемелік орталық болып тағайындалып, өзіне қарасты кітапханалармен ғылыми-әдістемелік, ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізе бастады. ҚазҰТЗУ Ғылыми кітапханасы - ҚР Кітапханалар қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Жоғарғы оқу орындарының кітапханалары қауымдастығы, ҚР ақпаратттық кітапханалар консорциумының мүшесі.

Кітапхана қоры 2 000 000-нан аса дана басылымнан тұрады, оның ішінде, жалпы қордан: қазақ тіліндегі әдебиет – 528 087 дананы, шет тілдеріндегі әдебиет 46 624 дананы құрайды. Сондай-ақ, кітапханадағы оқырман саны 17 мыңнан асады. Қор сапасы университет даярлайтын мамандықтар талабына сәйкес.

Кітапхана құрылымы 8 нүкте бойынша қызмет жасайды: қорды жинақтау бөлімі, каталогтандыру бөлімі, қорды сақтау бөлімі, оқырмандарға қазақ және шет тілдеріндегі әдебиетпен қызмет көрсету бөлімі, оқырмандарға орыс тіліндегі әдебиетпен қызмет көрсету бөлімі, электронды кітапхана бөлімі, ақпараттық-әдістемелік бөлім. Кітапхана өз оқырмандарына 8 абонемент пен 10 оқу залы, оның ішінде электрондық басылымдар залы, сирек кездесетін кітаптар мен диссертациялар оқу залы, информатика, экономика және экология оқу залдары арқылы саралы қызмет көрсетеді.

Кітапханада көркем әдебиеттің бай қоры және жеті мыңнан аса сирек , құнды кітаптар бар. Электронды кітапхана бөлімі қазіргі заман талабына сай жаңа компьютерлермен және көшірме техникаларымен жабдықталған. Университет ғалымдары жасаған электрондық оқулықтарды оқырмандар Электрондық басылымдар залында пайдалана алады. Электронды каталогты құру жұмысы 1998 жылы басталды. ҚР-ның толық мәтінді заң актілерінің «Параграф» ақпараттық жүйесі, «Эталон» жүйесін пайдалану, университеттің оқытушы- профессорлар құрамының ғылыми еңбектерінің автоматтандырылған библиографиялық картотекасы Интернетте ұсынылған. Өз WEB-сайты, электрондық адресі бар университет кітапханасын Internet жүйесінен таба аласыз:http://e-lib.kazntu.kz.

Жаңадан келіп түскен әдебиетті насихаттау мақсатында кітапхана ай сайын көрме ұйымдастырады, «Жаңа түскен әдебиет бюллетенін» Ғылыми кітапхананың «Электронды кітапхана» сайтына шығарады, сонымен қатар жыл сайын «Жаңадан келіп түскен әдебиет» деген ақпараттық көрсеткіш шығарады. Кітапхана университетіміздің ғалымдарының еңбектерін насихаттау жолында айтарлықтай еңбек етуде. Университет ғалымдарының жарық көрген еңбектері түгел, дерлік библиографиялық көрсеткіштер болып шығарылды. Қазіргі уақытта кітапхана қызметкерлері ғалымдар мен профессорлық-оқытушылар құрамының атаулы күндеріне орай, биобиблиографиялық еңбектерінің 85-тен аса көрсеткішін шығарды. Бүгінгі таңда университет кітапханасының шетел және шет аймақтардың университет кітапханаларымен кітап алмасуы халықаралық байланыс арқылы іске асырылуда.Студенттік топтарда кітапханалық- библиографиялық білімдер негізі бойынша 1- курс студенттеріне сабақтар жүргізіледі.Бұл негізді игерген оқырман ақпараттың үнемі көбейіп отырған ағымында еркін бағдар алу мүмкіндігіне ие болады. Ғылыми кітапхана 2009 жылдан бастап Электронды кітапхана құруды бастады. Қазіргі таңда Электронды кітапхана деректер қорында барлығы 14 748 данадан аса ақпараттар бар. К.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Ғылыми кітапханасы Республикалық ЖОО аралық электрондық кітапхана сайтына ПОҚ ғылыми жұмыстарының библиографиялық сипаттамаларының сілтемесін орнатуда Қазақстандағы жоғары оқу орындары кітапханаларының арасында бірінші орынға ие болып, белсенділер қатарынан көрінді. Электронды кітапхана қорын «Элар ПланСкан» кітап сканері арқылы толықтыру жұмыстары өз жалғасын табуда.

ГМК 179

7108 (ішкі)

Наверх