Университет жаңалықтарына жазылыңыз - Polytech@LIVE

 

Жеткізілім бөлімін таңдаңыз:

 
Ауған соғысының ардагерлері ерлік сабағын көрсетті

Ауған соғысының ардагерлері ерлік сабағын көрсетті

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай және жастарды әскери-патриоттық сезімде тәрбиелеу мақсатында 2018 жылы 15 ақпанда Сәтбаев университеті Әскери институтының салтанат залында ауған соғысына қатысқан ардагер-түлектермен кездесу болып өтті.

Бұл кездесуге отставкадағы полковник, 32 жыл бойы Әскери кафедраны басқарған Анатолий Линьков пен отставкадағы подполковник Александр Апарин және запастағы майор Найля Талысбаева қатысты.

Кездесуді Әскери кафедра меңгерушісі, әділет полковнигі Талғат Сағымбеков құттықтау сөзбен ашты. Ол өз сөзінде ауған соғысының тарихы жайлы баяндап өтті. «Біз студенттерді өз Отандарын сүюге, қазақ елінде туып-өскендерін мақтан тұтатындай етіп, патриоттық рухта тәрбиелеуге тырысамыз. Қазіргі бейбіт заманның өзінде де жер шарының бір бұрышында соғыс өрті лаулап, онда жазықсыз жандардың мерт болып жатқанын, соларды қорғау жолында біреулер асқан ерлік көрсетіп жатқанын студенттер білуге тиіс. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие аясында өткізіліп отырған бүгінгі іс-шараға қатысуға тілек білдірген ардагерлерге мың да бір алғыс айтамын», – деді Әскери кафедра басшысы.

Іс-шара барысында студенттер ауған соғысы жайлы түсірілген «Соңғы солдат» атты фильмді тамашалап, Республикалық соғыс және мүгедектер қоғамдығы «Ардагер»  ұйымының жүргізіп отырған жұмысы жайлы бейнеролик көрді, әрі ардагерлердің ауған соғысы жайлы әңгімелерін ұйып тыңдады. Өз кезегінде ардагерлер қиындығы мен қасіреті мол ауған соғысы кезіндегі жауынгерлік тапсырмаларын қалай орындағандары, әртүрлі ұлттан құралған әскер қатарының мызғымас достығы мен көрсеткен ерліктері туралы, олардың әрқайсы интернационалдық борыштарын қаншалықты адал орындап шыққаны жайлы айтып берді. Ал 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шыққан күні ардагерлер үшін тамаша мейрам бола тұра, дәл сол күн осы қасіретті соғыста қаза тапқан интернационал жауынгерлерді еске алу күні де болып табылады. Сондықтан да іс-шараға қатысушылар соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Біз соғыста қаза тапқан интернационал жауынгерлердің ерліктеріне бас иеміз. Бұл кездесу елінің азаматы ретінде, болашақ Отан қорғаушы ретінде студенттердің бойларына рух беріп, Отан алдындағы борышын адал өтеуге ынталандырады», – деді Т. Сағымбеков ардагерлер алдында сөйлеген сөзінде.

Аталмыш әскери іс-шараға университеттің оқытушылары мен қызметкерлері де қатысып,  ардагерлерге өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды, әрі тиісті жауаптарын алды. Бұл кездесуден әсіресе студенттер ешқашан ұмытпастай тамаша әсер алып қайтты.

455
28 ақпан 2018
Наверх