Университет жаңалықтарына жазылыңыз - Polytech@LIVE

 

Жеткізілім бөлімін таңдаңыз:

 
DMG MORI компаниясының оқыту семинары өтті

DMG MORI компаниясының оқыту семинары өтті

Satbayev University-нде 2017 жылы 27 қазанда DMG MORI компаниясы өзінің оқыту семинарын өткізді. Семинар тақырыбы жонғыш-фрезерлік білдектің (токарно-фрезерный станок) соңғы шыққан түрлеріне арналды. Семинарға Сәтбаев университетінің ғылым жөніндегі проректоры Мұрат Орынханов, аталмыш компания өкілі Дәулет Алинов, FabLab өндірістік зертханасының директоры Бауыржан Сәрсенбаев қатысты. 

 DMG MORI концерні – металл өңдеу саласында әлемдік ең үздік инновациялық компания болып табылады. DMG MORI бағдарламасымен басқарылатын 5 осьтік фрезерлік станоктар – медицина, тіпті космонавтика саласы үшін жоғары технологиялы механизмдерді шығаруда ең соңғы үлгідегі станоктар болып саналады. Осындай станоктардың бірін Сәтбаев университеті өз зертханасы үшін алған болатын.

«Бұл станоктар қазақстандық нарыққа енді-енді ғана шығып жатыр, – деді өз сөзінде М. Орынханов. – Сондықтан да Сәтбаев университеті бұл станоктарда қалай жұмыс істеу керектігін үйрететін алғашқылардың бірі саналады, ал біздің студенттер өндіріс орындарына жұмысқа барғанда, қазіргі заманғы технологияларда жұмыс істеуге машықтанған дайын маман болып келеді».

FabLab өндірістік зертханасы оқытумен қатар жоғары технологиялы бұйымдар жасауға тапсырыс та қабылдайды. Бұған жоғарыда аталған жаңа үлгідегі станоктар мүмкіндік береді, әрі бұйымдарды тапсырыс берушінің талаптарына сай жеке түрде, бір ғана данамен жасап шығаратын болады.

Семинар соңында қатысушылар осы FabLab өндірістік зертханасын аралап, жаңа станоктың жұмысымен, оның мүмкіндіктерімен танысты.      

502
31 қазан 2017
Наверх