Университет жаңалықтарына жазылыңыз - Polytech@LIVE

 

Жеткізілім бөлімін таңдаңыз:

 
Дулат Исабековпен кездесу

Дулат Исабековпен кездесу

29 қаңтарда Қаныш Сәтбаев университетінде белгілі жазушы, драматург, қоғам қайраткері Дулат Исабеков пен жастар арасында қызықты әңгіме жүргізілді.

Мен сөзімде елімізде атағы шыққан жазушы Шыңғыс Айтматовтай болмаса да, соған жақын жазушылар бар екенін айтып, Жұбан Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев, т.б. атадым. Сондайлардың бірі деп Дулатты келтірдім. Оның шығармашылығы Мәскеуде аударылып, сахнаға қойылып жатқанын еске алдым. Дулат Исабековтың қоғамдағы орнын айттым. Мәселен, Герольд Бельгер айтқандай, кейбір жазушылар кішкентай шығарма жазса да болғаны, марапат алуға ұмтылып, әркімнің беделін пайдаланып жатса, Дулат ондай емес, өзімен-өзі. Оған атақ, даңқ өзі келеді дедім. Қош келдіңіз деп, алғыс білдірдім.

Жазушы Исабеков сөзінде Президентіміз онымен сөйлесіп тұратынын, елімізде атқарылып жатқан ұшан-теңіз еңбекке үн қосып жүрген жазушылар қызметін атап көрсетті.

Жазушылар одағының жетекшісі сыйлықты өз сыбайластарына беріп, басқа орынды адамдарға оның жетпей жатқандығын келтіріп, сынға алды. Өйткені, деді жазушы, Президент стипендиясы әдебиет, өнер, ғылымның дамуы үшін тағайындалған. Сондықтан бұл мәселе ойлануды керек ететінін басып айтты.

Кездесуде қойылған сұрақтардың бірі – соңғы кездерде көрнекті шығармалардың байқалмайтыны. Ол, деді Дулат, жазушылар еңбегіне, өмірге байланысты. Бұдан ширек ғасыр бұрын елімізде үлкен қоғамдық өзгерістер болды. Қазақстан егеменді ел болып, ғасырлар бойғы ел арманы орындалды. Осылардың бәрін ой таразысынан өткізіп, ірі шығармалар беруге уақыт керек. Әйтпесе жазушылар тарапынан жұмыстар атқарылып жатқанын келтірді.

Сондай-ақ жазушы бүгінгі өмір туралы ойларын ортаға салды. Мәселен, бізде саяси партиялар бар, бірақ атқарып жатқан жұмыстары көрінбейді деп, бір-екі партияның атын атады.

Қазіргі заманда әрбір елдің даму деңгейі ғылыми-техникалық прогресс арқылы байқалатынын айта келіп, Сәтбаев атындағы ғылыми-техникалық университетіне тілектер айтып, сәтті табыс тіледі. 

                                                                  

Досмұхамед Кішібеков,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының

академигі, профессор

512
5 ақпан 2018
Наверх