Университет жаңалықтарына жазылыңыз - Polytech@LIVE

 

Жеткізілім бөлімін таңдаңыз:

 
ҚазҰТЗУ-да уран өнеркәсібін оқыту орталығы ашылды

ҚазҰТЗУ-да уран өнеркәсібін оқыту орталығы ашылды

2017 жылы 4 қыркүйекте Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында уран өнеркәсібін оқытудың «МЕНОЦАП» Халықаралық ғылыми-білім беру орталығының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Бұл Қазақстанда уран өнеркәсібі саласына қажетті жоғары кәсіпті мамандарды даярлайтын алғашқы және бірегей орталық болып саналады.

Салтанатты шарада Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Ректоры Ескендір Бейсембетов пен «Қазатомөнеркәсібі» басқармасының мүшесі Бауыржан Ибраев қатысушыларды құттықтап, орталықтың оқу бағдарламасы мен оның халықаралық қарым-қатынасы жайлы сөз етті.

«Біздің орталықтағы оқу бағдарламасының ерекшелігі, – деді ҚазҰТЗУ Ректоры өз сөзінде, – ол дүние жүзінде ең алдыңғы қатарлы уран өндіруші компанияның талаптарына қарай бағытталған. Бұл – біздің мақсатты бағдарламамыз, ол «Қазатомөнеркәсібі» талаптарына сай келеді, әрі магистранттарды даярлауға қажетті барлық уәкілетті қолдануға мүмкіндік береді. Магистранттарды даярлауға «Қазатомөнеркәсібі» компаниясында талай жыл тапжылмай еңбек етіп, өз тәжірибелерін өскелең ұрпаққа үйретуге асық болып жүрген ардагерлер, кәсіби мамандар атсалысады».

«Біздің орталық шынымен де халықаралық дәрежеде болады, – деді өз сөзінде «Қазатомөнеркәсібі» басқармасының мүшесі Бауыржан Ибраев. – Мұнда оқу ағылшын тілінде өтетіндіктен, магистранттар дүниежүзілік ең сапалы оқулықтар және тамаша біліммен сусындайтын болады. Олар негізгі теориялық білімді орталықта алып, тәжірибеден өту үшін кен орындарына жиі-жиі баратын болады. Онда сабақты тәжірибелі мамандар жүргізеді.

Біздің компанияда көптеген инновациялар мен тамаша мүмкіндіктер бар, міне, осындай ерекшеліктерін компания дүниежүзілік аренаға ұсына алады. Осы жылдың аяғында бұл ғылыми орталықта Украина, Канада, Чехия елдерінен келген студенттер де оқитын болады.

«Қазатомөнеркәсібі» қазіргі таңда дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы уран өндіруші компания болып саналады. Біз қазір бірнеше бағытта еңбек етіп жатырмыз, сол үшін де бізге көптеген кәсіби мамандар қажет. Келешекте тек уран өндіруші компания ғана емес, сонымен қатар геология, ядролық отын технологиясы және басқа да салаларды меңгеріп, үнемі алдыңғы қатардан көрінуге тырысамыз. Жылдың аяғына дейін біз Қазақстанда ядролық реактор құрылысының технико-экономикалық негізіне қажетті қаржыландыруға тендер жариялайтын боламыз. Міне, осы бағыттардың бәріне кәсіби мамандар қажет. Бұл – әзірге алғашқы қарлығаштарымыз ғана. Сондықтан да біз осы бастаманы одан әрі дамытып, таңдаулы кәсіби мамандарды даярлайтын боламыз».

Орталықтың негізгі мақсаты – «Қазатомөнеркәсібі» саласының талай жылғы тәжірибелі дәстүрін сақтап, оны одан әрі дамыту, әрі осы салаға қажетті кәсіби мамандарды даярлау. Оқу бағдарламасы аясында магистранттар үш мамандық бойынша даярланады: «Пайдалы қазбалар кен орындарын геологиялық түсіру, іздеу және барлау», «Органикалық емес заттардың химиялық технологиясы», «Автоматтандыру және басқару». Осы орталықтың ашылу салтанатына орай алғашқы 30 магистрантқа тегін оқу үшін грант табыс етілді.

Магистранттарды даярлаумен қатар, орталықта ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар да жүргізілетін болады, сондай-ақ ғылыми-әдістемелік оқу құралдары шығарылып, семинарлар мен дөңгелек үстелдер жүргізіледі, әрі «Қазатомөнеркәсібі» ҰАК» АҚ-ы үшін мультимедиалық оқу материалдары жасалатын болады. Сөйтіп, елімізде уран өнеркәсібі білімінің базасы қаланып, ғылыми-әдістемелік орталықтың негізі салынады.

947
6 қыркүйек 2017
Наверх