Университет жаңалықтарына жазылыңыз - Polytech@LIVE

 

Жеткізілім бөлімін таңдаңыз:

 
Өнеркәсіптік инженерия институтында – жаңа директор

Өнеркәсіптік инженерия институтында – жаңа директор

2017 жылы 15 тамыз күні Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың Ә. Бүркітбаев атындағы Өнеркәсіптік инженерия институтына жаңадан тағайындалған директор Айдархан Қалтаев институт ұжымымен танысты. Танысу барысында ол институттың алдағы жоспарлары жайлы сөз етіп, оқытушылардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар алдағы оқу жоспарын, ғылыми жұмыстардың деңгейін көтеру жолдарын және болашақ мамандарды дайындаудың сапасын арттыру жайын талқыға салды.

«Біздің институт ҚазҰТЗУ-дағы алдыңғы қатарлы институттың біріне айналуы тиіс, – деді Айдархан Жүсіпбекович өз сөзінде. – «Mechanical Engineering» мамандығы – дүниежүзілік барлық техникалық және технологиялық университеттерде ең негізгі мамандық болып саналады, сондықтан да ол инженерлік мамандықтардың ең негізгісі болуы тиіс. Ал оған қол жеткізу үшін, біз институттың мамандықтарын, оқу жоспарын, ондағы пәндердің атауларын халықаралық нормаларға сай етіп өзгертуіміз керек. Сонымен қатар мен мұнда жоғары кәсіби мамандарды даярлаудың шетелдік жүйесін іске қоссам деймін. Ол жүйе халықаралық ғылыми жобаларға үздік студенттерді, магистранттар мен докторанттарды тартуға негізделген. Міне, осы мақсатта талантты, үздік студенттерді екінші-үшінші курстардан бастап ғылыми жұмыстарға баулыған дұрыс».

Таныстыру шарасына қатысқан ҚазҰТЗУ-дың академиялық қызмет жөніндегі проректоры Ринат Искаков пен ғылым жөніндегі проректор Мұрат Орунханов Айдархан Жүсіпбековичті жаңа қызметімен құттықтап, оған шығармашылық табыстар мен сәттіліктер тіледі.

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қалтаев Айдархан Жүсіпбекович – қазақстандық танымал ғалым, механика және альтернативті энергия көздері жөніндегі маман иесі. Ол 12 философия докторын даярлаған, олардың екеуі ЕАР-нан, ал екеуі ғылыми жұмыстарын Польша мен Францияда қорғап шықты. Айдархан Жүсіпбекович – 15 халықаралық және ұлттық ғылыми жобаларға басшылық жасаған, дүниежүзілік ғылыми журналдарда 100 шақты мақалалары жарық көрген. Ол «Archives of Mining Sciences» (Польша) журналының редколлегия мүшесі, АҚШ, Қытай және Гонконг елдеріндегі ғылыми журналдардың рецензенті, Польша, Франция және Индия елдерінде докторлық ғылыми дәрежені қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі. Айдархан Жүсіпбекович «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен және «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. 2006 және 2010 жылдары «ҚР жоғары оқу орындарының ең үздік оқытушысы» атанған.  

919
22 тамыз 2017
Наверх