Университет жаңалықтарына жазылыңыз - Polytech@LIVE

 

Жеткізілім бөлімін таңдаңыз:

 
#Pixel дизайнерлер, аниматорлар мен сәулетшілер байқауының жеңімпаздарын марапаттады

#Pixel дизайнерлер, аниматорлар мен сәулетшілер байқауының жеңімпаздарын марапаттады

Үстіміздегі жылдың 4 сәуірі күні Алматыдағы SmartPoint орталығында дүркіреген тамаша іс-шара – 3d-дизайн, 2D-Art және сәулет жобаларының Республикалық #Pixel байқауының нәтижесі анықталды. Бұл байқау анимация шеберлеріне, суретшілер мен сәулетшілерге арналған болатын.

Қазақстан аумағында мұндай тамаша байқау алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Байқаудың жабылуына арналған іс-шараны ұйымдастырушылар нағыз мереке ретінде атап өтті. Жиынға қатысушыларды кіре берісте фрик-шоу әртістері күтіп алды, олармен бірге арнайы жасалған 3D пресс-қабырғада суретке түсуге болатын еді. Атаулы мерекеге келген әрбір қонаққа лотерея билеті таратылып, оның номері бойынша Kaspersky зертханасының ұсынған сыйлықтарын ұтып алу мүмкіндігі туды. Сондай-ақ осы кеште қазақстандық шоу-бизнестің белгілі өкілдері өнер көрсетіп, қатысушыларға арнап жанды дауыспен отандық және шетелдік бірнеше әндерді орындады. Кештің соңында қатысушылар түрлі-түсті шоуды тамашалады.   

Аталмыш іс-шараның демеушілері – Сәтбаев университеті, Lenovo және Kaspersky зертханасы. Байқаудың нәтижесінде үш номинация бойынша барлығы 10 жеңімпаз анықталды.

Сонымен, #Pixel-2018 бас жүлдесін әртүрлі категорияда жеңіп алғандар:

Best 3D-Animation – Артур Искаков,

Best Superhero 2D-Art – Айбек Сейітқасымов,

Best Concept Project – Еламан Амантаев.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі де өте қызықты өтті. Мәселен, Kaspersky зертханасының коммерциялық директоры Best Superhero категориясының жеңімпаздарымен бірге би билеп, кешті одан сайын қыздыра түсті. Ал актер Ерден Телемисов демеушілер ұсынған Lenovo ноутбугының мүмкіншіліктеріне тоқталып, жеңімпаздарға шығармашылық табыс тіледі.

Аниматор Рустам Туралиев екі телефоны бар бала туралы мультфильмнің авторлары Рустам Асылхан, Санжар Жақсылық және Қайнар Илиясовтің жұмыстарына жоғары бағасын беріп, өзінің Turrus студиясындағы аниматор лауазымына байқаудан өтуге шақырды.

Сәтбаев университеті #Pixel байқауын алдағы жылдарда да ұйымдастыратын болады. Биылғы жылдың қатысушылары мен жеңімпаздардың жұмыстары жайлы толық ақпаратты төмендегі сайттан алуға болады: http://pixel.satbayev.university/vote/

429
6 сәуір 2018
Наверх