Университет жаңалықтарына жазылыңыз - Polytech@LIVE

 

Жеткізілім бөлімін таңдаңыз:

 
Сәтбаев университетінің командасы Тіл олимпиадасында жүлделі орынға ие болды

Сәтбаев университетінің командасы Тіл олимпиадасында жүлделі орынға ие болды

Сәтбаев университетінің А.Машани атындағы Базалық білім беру институтында Қазақ және орыс тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі» пәні бойынша университетаралық олимпиада өтті. Білім сайысын Сәтбаев университетінің академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Ринат Маратұлы Искаков ашып, әр институттан қазақ тілінен сайысқа келген студенттерге сәттілік тілеп, құттықтады. Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Алмас Үдербаев кіріспе сөз сөйлеп, қазылар алқасының мүшелерімен таныстырды.

Олимпиада мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін және оның қолданылу өрісін кеңейту, өзге ұлт өкілдері студенттерінің мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру.

Әр жоғары оқу орындарынан келген өзге тілді студенттер өздерінің сөйлеу мәдениетін, шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін қазақ тілі арқылы жеткізе де, көрсете де білді. Олимпиадада студенттер  бір топқа 3 адам болып топтасты. Солардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар білімді жастар анықталды. Ерекше атап өтерлік жай – Сәтбаев университетінің Т.Бәсенов атындағы Сәулет және құрылыс институтының 1-курс студенті жапондық Хайди Хонджо 10 сұраққа дұрыс, жылдам әрі анық жауап берді.

Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тілден тілдің кеңдігі болмағанымен, кемдігі жоқ. ҚР «Тіл туралы» заңында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір адамзатының парызы» – делінген. Әрине, ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Ұлт анасы – тіл болып саналады.

Олимпиаданың әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдегер деп әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «әл-Фараби қырандары» тобы танылды. Бірінші орынға Сәтбаев университетінің «Достық» тобы көтерілсе, екінші орынға Алматы Энергетика және байланыс университетінің «Сөз зергерлері» тобы, ал үшінші орынды Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «Сәулет-Art» тобы жеңіп алды.

Университет басшылығы тарапынан бөлінген марапаттар да өз иелерін тапты. Жүлделі орындарға ие болған командалар тиісті дәрежедегі дипломдар және сыйлықтармен марапатталып, ал олимпиада жеңімпазы Алматы қаласы бойынша өтетін  «Тіл – парасат» қалалық  байқауына жолдама алды.

251
5 сәуір 2018
Наверх