Университет жаңалықтарына жазылыңыз - Polytech@LIVE

 

Жеткізілім бөлімін таңдаңыз:

 
Жарты жылға Францияға барғыңыз келе ме? ҚазҰТЗУ-да бұған толық мүмкіндік бар!

Жарты жылға Францияға барғыңыз келе ме? ҚазҰТЗУ-да бұған толық мүмкіндік бар!

Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың 2-курс магистранты Дархан Турашев 2017 жылы 1 ақпаннан 30 маусымға дейін Францияның алдыңғы қатарлы инженерлік мектептерінің бірі – Нант қаласындағы Орталық мектепте тағылымдамадан өтіп келді. Мұндай мүмкіншілік Дарханға Erasmus+ бағдарламасы бойынша бұйырды. Дархан өзінің сапары жайлы былай дейді:

– Мен оқыған мектеп – ағылшын тілінде білім беретін аз ғана мектептердің бірі. Көптеген топтарда сабақ француз тілінде жүреді. Мен оқыған топқа түсу үшін жергілікті тұрғындардың өздері де бөлек, арнайы емтихан тапсырады. Сондықтан да мұнда мықтылардың мықтысы іріктеліп алынады. Оқу бағдарламасы өте қиын әрі күрделі. Сабақ беру әдісі мүлде басқаша қойылған, көбінесе интерактивті әдістер жиі қолданылады. Сонысымен де оқу өте қызықты әрі тартымды.

Мектеп екі қабатты бірнеше ғимараттардан құрылған. Сырты бозарып, жабырқау тартып тұрады. Ішінде де ешқандай ерекшелік жоқ, ҚазҰТЗУ сияқты он қабатты зәулім биік ғимарат емес. Десе де мұнда студенттерге қажеттінің бәрі бар: тегін Wi-Fi, кабинеттер проекторлармен жабдықталған, компьютерлі кабинеттер үнемі ашық тұрады, кез келген уақытта кіріп, сабаққа дайындалуға болады.  ҚазҰТЗУ-дағы сияқты электронды платформа мұнда да бар, ол өте ыңғайлы – жеке сабақ кестесін көруге немесе қажетті оқытушылармен, студенттермен кез келген уақытта байланысқа шығуға болады.

Семестрдің негізгі бағдарламасы – ол мамандық бойынша курстар. Атақты профессорлар, тәжірибелі зерттеушілер дәріс оқиды, кейде студент-докторанттар да дәріс оқып, өздерінің ғылыми жобаларымен таныстырады. Сонымен қатар бағдарламаға француз тілін оқыту курстары да енгізілген. Ол курстар шетелден келген студенттер үшін арнайы ашылған. Сондықтан да тіл білмеймін деп қобалжудың қажеті жоқ, ең бастысы – жаңа ортаға тез дағдыланып, үйреніп кету. Сосын кіммен болса да тіл табысуға болады. Француздар – өте кішіпейіл, қарапайым халық. Кез келген уақытта көмектесіп, сұрағыңа жауап береді.  

Емтихан тапсыру өте қиын, оқытушылар шетелдік студенттерге ешқандай да жеңілдіктер жасамайды. Сондықтан да емтиханды бәрімен бірдей тапсыруға тура келеді: сол тапсырма, шектелген уақыт, басқа қосымша құралдарды пайдалануға тыйым салынған.

Мектеп Францияның батысындағы Нант қаласында орналасқан. Франциялық өлшем бойынша, Нант – ірі қалалардың бірі болып саналады (350 мыңнан астам тұрғыны бар). Қала жасыл желекке оралған. Мектеп қаланың орталығына жақын, маңында демалыс парктері мен серуендейтін бақтар өте көп.

Шетелдік тағылымдамадан алған әсерім өте тамаша! Мен барлық студенттерге өз күштерін, өз мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес беремін. Ерекше тәжірибе алмасу, халықаралық байланыс, басқа мәдениетпен, басқа оқу жүйесімен танысу, жаңа достар табу – бұл сіздерді күтіп тұрған мүмкіндіктердің тек санаулысы ғана. Өз мүмкіндіктеріңізді жіберіп алмаңыздар!

Дархан Турашев

1161
17 тамыз 2017
Наверх