egemen.kz: Уран өндірісінің ақсақалдары

egemen.kz: Уран өндірісінің ақсақалдары

Әлемдік уран өндіруші ком­па­ния­ларының көшін бастаған «Қаз­ато­мөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тағы бір үл­кен оқиғаға ұйытқы болды. 2017 жыл­дың 21 сәуірі күні Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жә­не «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» АҚ арасындағы «Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми-оқыту орталығын» құру ту­ралы келісімге қол қойылды.   Ең маңыздысы, 26 мың­нан астам қызметкері бар «Қазатом­өнер­кәсіп» компания­сы­ның Ақса­қал­дар кеңесі құрметті профессор­лар құрамындағы байырғы ма­ман­­дар арнайы курстардан өтіп, Ха­лықаралық орталықта дә­­ріс беру ісіне тартылмақ. Осы­лай­ша, егемендіктің елең-алаңы­н­да үзіл­ген кешегі буын мен келе­шек­тің кадрлары арасындағы тәжірибе ал­­ма­судың алтын көпірі қайта жал­ға­сады. – Еліміздің атом өндірісі саласы үшін халықаралық білім беру орта­лығының ашылуы айрықша ма­ңызды оқиға.  Қазақстан бү­гін­­гі таңда уран қоры бойынша Австралиядан кейінгі екінші орын ала­ды.

Ал уран өндірісінде дү­ние жүзі бойынша бірінші орында. Бүкіл әлем бойынша алынатын уранның 40 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Қазақстан осы саланың көшбасшысы бол­ған­дықтан, біздің осы жылдар­да уран өндіру, экспорттаудағы жи­н­аған тәжірибеміз, кадрларымыз бен технологияларымызды бас­қа елдер мойындаған. Және Қаз­атом­өнеркәсіптің Қытай, Жа­по­ния, Франция сияқты бір­қа­тар ел­дер­­дің мамандарымен бір­лескен кә­сіпорындары бар. Шет­елдік әріп­тестеріміз әр кез қыз­­метімізге қызы­ғушылық та­ны­­тады. Қазір жаңа техноло­гия­ларды жасап жатырмыз. Со­ның ішіндегі мобильді қайта өң­деу кешені көптеген елдердің қы­зы­­ғу­шы­лығын туғызып отыр. Қазірдің өзінде мобильді кешенді сатып алуға ұсыныс білдірген елдер бар. Бұл кешен табиғи уран өндірісі үшін ғана емес, ғылым үшін де өте маңызды, – деді ұлттық атом ком­паниясының Өндіріс және ЯОЦ жөніндегі бас директоры Бауыржан Ыбыраев. – Оның үстіне, Мемлекет бас­шы­­сы цифрлы технологияларды қол­дануды, кен өндірісі кешенін дамытуды және білім беру жүйесін өзгертуді қамтитын экономиканы технологиялық жаңғырту мен адами капиталды жақсартудың ма­ңыз­ды­лығын атап, нақты тапсырма жүк­теп отыр. Сонан соң, әрине, Қазатомөнеркәсіптің жетекшілік орнын сақтап қалу үшін бірінші ке­зекте бәсекеге қабілетті кадр­лар қажет. Сондықтан, ұстаздар құра­мы­на бай тәжірибе мен бағалы бі­лім­ге атом саласының ардагерлері де еніп отыр. Ақсақалдар кеңесі Қаз­атомөнеркәсіптің бірегей тә­жі­рибесінің сабақтастық мектебіне ай­налады, – деді Бауыржан Ыбыраев.

– Бүгін қол қойылған келі­сім­шарт пен халықаралық білім беру орта­лығының ашылуы екіжақты ке­ліс­сөздердің нәтижесінде, «Қаз­атом­өнеркәсіп» АҚ басқарма тө­р- а­ғасы Асқар Жұмағалиевтің ұсы­нысымен жүзеге асты. «Қаз­атом­өнеркәсіп» ҰАК» АҚ пен Қазақ ұлт­тық технологиялық зерттеу институты бірігіп біраз жұмыс атқарды. Орталық білім берумен қатар, ғылыми-зерттеулерді қоса жүргізетін болады. Бұл өз кезегінде атом саласындағы ізде­ністерге серпін береді. Бір жа­ғы­нан орталықтың жұмысына «Қаз­атом­өнеркәсіп» компаниясында ұзақ жыл­дар бойы жұмыс істеген өте тә­жірибелі, байырғы мамандарды шақырып отырмыз. Олар жас кадр­ларға өз білгендерін үйретеді. Бұдан да басқа, орталықта өндірісті автоматтандыру саласындағы бі­лімді жетілдірудің арнайы бағ­дарламасы жасалды. Оған қо­са мұнда ағылшын тілінің де дең­гейін көтеруге болады. Сол си­яқ­­ты, алдағы уақытта орталық бір­тіндеп басқа мемлекеттердің атом өнеркәсібі салаларымен техно­логиялар, тәжірибе мен білім алмасуға көшеді, – деді Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті ректоры Искандер Бейсембетов.

Искандер Бейсембетов «Ха­лық­­аралық атом өнеркәсібі ғы­лыми-оқыту орталығы – жоғары бі­лікті мамандар дайындаудың бі­регей алаңы екені айта келе, «Ғы­лым мен өндірістегі кәсіпқой кадр­лардың бірлескен іс-қимылы атом саласының одан әрі дамуына синергетикалық серпін береді», деді. Ректордың айтуынша, мамандар дайындаудағы іріктеу өте қатаң болады.  Халықаралық орталықта уран өндірісі саласындағы негізгі гео­логия, кен ісі, металлургия, тех­­нологиялық машиналар мен құ­рал-жабдықтар,  автоматтандыру мен басқару, электро энергети­ка­сы мамандықтары бойынша кадр­лар дайындайды. Аталған ба­ғыт­тар бойынша бастапқыда 10-20 шақ­ты маманнан оқытылып, содан кей­ін жыл сайын олардың саны кө­бейтіле бермек.  

Ендігі жерде халықаралық орталықтың міндетіне – Қазақстан­ның атом саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлау, соның ішін­де шетелдік студенттерді оқы­­ту да кіреді. Оқу орны Қаз­атом­өнеркәсіпке қажетті бағыттар бойынша әдістер мен технология- ларды жетілдірумен, сондай-ақ, атом ғылымы мен өндірісінің ма­ңызды мәселелері жөніндегі ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-кон­структорлық жұмыстармен шұ­ғылданады. Келісімнің шарттарына сәй­кес, ҚазҰТЗУ магистранттары Қаз­атом­өнеркәсіп бөлімшелерінде тәжірибеден өте алады. Сонымен қа­тар, компания университет сту­денттері мен қызметкерлерінің ғы­лыми-зерттеулері, курстық және дип­ломдық жобаларының үздік нә­тижелерін өндіріске енгізуіне ық­пал ететін болады. Орталықтың оқу бағдарламасы геология және уран кен орындарын барлау, сирек және сирек жер металдар металлургиясы, өндірістік про­цестерді автоматтандыру сияқ­т­ы негізгі пәндерді қамтиды. Со­ны­мен қатар, пәндердің біраз бөлігі ағыл­шын тілінде оқытылмақ. Ха­лықаралық мәртебесіне сай, мұн­да басқа елдерден де студент­тер қа­былдау көзделген. Қазірдің өзін­де қызығушылық танытып отыр­ған­дар баршылық. Сол сияқты, ха­­­лықаралық орталықтың атом өнер­кәсібі дамыған елдердің уни­верс­итеттерімен байланыста болуы қарастырылған. Сонымен, «Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми-оқыту орта­лы­ғын» құру туралы екіжақты ке­­лі­сімге қол қойылғаннан кейін, құр­метті профессорлар құ­ра­мын­дағы еңбек сіңірген қыз­мет­керлер мен ардагерлер марапатталды.

Ерен еңбегі және отандық атом өнер­кәсібін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар мен естелік сый­лықтар тапсырылды. Ең бастысы, Ақсақалдар кеңесі құрамындағы байырғы кадрлардың өзі арнайы семинар, сабақтар ар­қылы кәсіпқой тұрғыда дәріс беруг­е үйретіледі. – Бүгін біз ерекше оқиғаға куә болып отырмыз. Бұл күннің баға­сын 10 шақты жылдардан кей­ін біле бастайтын боламыз. Қазақ­стан­­ның атом өндірісі осы уа­қыт­- қа дейін қандай тәжірибе мен тех­нологияларға қол жеткізді? Ен­дігі міндет соны сақтап, са­па­лан­дырып, кейінгі буынға қал­ды­ру­ымыз керек. Кезінде біз де бәрін нөлден бастадық. Геол­о- г­ия­лық барлау мен өндіріске бір­тіндеп қол жеткіздік. Білімімізді байыттық. 20 шақты жылдың ішін­де тамаша база жасақтадық. Алай­да 90-жылдары үлкен үзіліс бол­ды. Жақсы кадрларымыздың кө­бін жоғалтып алдық. Білім мен тәжірибе деген екі түрлі нәрсе. Тео­рияда біліп тұруың мүмкін, бі­рақ ол өндірісте қалай нақты іске асы­рылады. Маңыздысы сол. Осы отыр­ған ақсақалдардың ішінде бү­кіл өмірін уран өндірісіне арнап, әбден тәжірибе жинақтап, талай ғылыми мақалалар мен зерттеу жұмыстарын жазған адамдар бар. Осы Ақсақалдар кеңесінен талантты оқытушылар табылуы әбден мүмкін, − деді Анатолий Бегун. 

 

Ақпарат көзі: egemen.kz
68
26 сәуір 2017
Наверх