Алматыда «Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми оқыту орталығы» ашылады

Алматыда «Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми оқыту орталығы» ашылады

Биыл Алматыда «Халықаралық атом өнеркәсібі ғылыми оқыту орталығы» ашылады. Онда атом саласында жұмыс істейтін білікті мамандар даярланатын болады. Мұндай бастаманы көтерген «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы мен Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті бүгін келісімге қол қойды. Оқу орнында тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік студенттердің де білім алуына мүмкіндігі бар.

Еліміз уран өндіруден әлемде көш бастап тұр. Қазақстанның жетекші орынды сақтап тұруы тегін емес. Бұл салада атом өнеркәсібіндегі білікті мамандар жұмыс істейді. Енді мамандарды өзімізде оқытып, білімін арттыруға мүмкіндік тумақ. "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетімен бірігіп, «Халықаралық  атом өнеркәсібі ғылыми оқыту орталығын» құру бастамасын көтерді.

Бауыржан Ыбыраев, «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ өндіріс және ядролық отын циклы жөніндегі бас директоры:

Осы орталықтың арқасында мамандар дайындап, өзі білімімізді, технологиямызды және ғылыми зерттеген жетістіктерімізді сыртқа шығарайық деген ойымыз бар.  Біріншіден, өзіміздің мамандардың білімін, деңгейін көтеру, үлкен практикалық жұмыстар өткізу, шетелдік жетістіктермен танысу осы орталықтың көмегімен болады.

Келісімге сай орталықта білім алған Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің магистранттары "Қазатомөнеркәсіп" бөлімшелерінде тәжірибеден өтеді. Ал, оқу орталығында жіті зерттелген үздік дипломдық жұмыстар өндіріске енгізілуі әбден мүмкін. Студенттерге атом энергетика саласында талай жыл тер төккен мамандар тәлім бермек. Орталық іргесінен сала ардагерлерінен құралған «Ақсақалдар кеңесі» құрметті профессорлар қауымдастығы құрылды.

Мирас Қасымов, Қазақстан ядролық университетінің ректоры:

Халықаралық орталықтың негізгі мақсаты -  маман тапшылығын жою. Бізге геолог, технолог, химия саласының мамандары мен бұрғылаушылар керек. Олардың білімі халықаралық талаптарға сай болуы тиіс. Бұл бағытта біз отандық жоғары оқу орындарын тартып отырмыз.

Жаңа құрылғалы отырған орталық ғылым мен өндірісті ұштастырады. Тараптар қос саланың кәсіпқой кадрларының бірлескен іс-қимылы атом саласының ары қарай дамуында көп үлес қосады деген үмітте. Ол үшін еліміздің белді атомшы-мамандары бар күшін салмақ.

Айгүл ЕРМАХАН  
 

Ақпарат көзі: www.astanatv.kz
152
22 сәуір 2017
Наверх