Ғылыми атақтар беру ережесі

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 15 маусымдағы № 380 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

 

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы «31» наурыздағы 
№ 128 бұйрығына 1-қосымша

 

Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент),
профессор) беру ережесі

 

     1. Осы Ереже «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы Заңының 4-бабының 15) тармақшасына сәйкес әзірленген және ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) берудің тәртібін анықтайды.
     2. Қауымдастырылған профессор (доцент) және профессор ғылыми атақтарын білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының (бұдан әрі - ЖОО) Ғылыми кеңестерінің (бұдан әрі – Ғылыми кеңестер) кандидатуралар ұсынуы негізінде аталған ұйымдардың қызметкерлеріне береді.
     3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті (бұдан әрі - Комитет) болып табылады.
     4. Қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы ғылыми дәрежесі (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі бар және ғылыми атақ беруге қолдау хат ұсынған ұйымда толық ставкада жұмыс істейтін тұлғаларға мынадай жағдайларда беріледі:
        1) диссертация қорғағаннан кейін ғылыми және (немесе) ғылыми-педагогикалық қызметте 3 жылдан кем емес, оның ішінде жоғары оқу орнында доценттен (қауымдастырылған профессордан) төмен емес лауазымда немесе ғылыми ұйымда аға ғылыми қызметкер лауазымында, жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның басшысы, жоғары оқу орны басшысының орынбасары, бөлімшелер басшылары лауазымдарында 2 жыл үзіліссіз өтілі.
        Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі бар үміткерлер үшін жоғары оқу орнында қауымдастырылған профессордан (доценттен) немесе ғылыми ұйымда аға ғылыми қызметкерден төмен емес лауазымдағы өтілі талап етілмейді;
        2) диссертация қорғағаннан кейін жарияланған сұратылған мамандық бойынша кемінде 14 ғылыми мақаласы (тезистер емес), оның ішінде уәкілетті орган ұсынатын басылымдарда 10 ғылыми мақала және халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 2 ғылыми мақаласы.
        Осы Ереженің 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарға Томсон Рейтер (Web of Science, Thomson Reuters) компаниясының ақпараттық базасында нөлдік емес импакт-факторы бар журналдар жатады. Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласында ғылыми атаққа үміткер тұлғалар үшін Скопус немесе Jstore базаларына кіретін журналдар да жатады.
     Халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы мақалалар келесі шарттар орындалған жағдайда ескеріледі:
     1) мақалалар Томсон Рейтер (Web of Science, Thomson Reuters) компаниясының ақпараттық базасында импакт-факторы болған немесе Скопус не Jstore базаларында (әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласында) индекстелген мерзімде шыққан ағымдағы нөмірлерде (конференция материалдары емес) жарияланған;
     2) мақалалар журналдың Томсон Рейтер (Web of Science, Thomson Reuters) компаниясының ақпараттық базасында немесе Скопус не Jstore базаларында (әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласында) көрсетілген тематикалық бағытына сәйкес келген жағдайда.
     Ғылыми мақалалар халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда талап етілген мақалалар санынан артық болған жағдайда, олар уәкілетті орган ұсынатын басылымдардағы мақалалар ретінде саналады.
     Томсон Рейтер (Web of Science, Thomson Reuters) компаниясының деректер базасына енгізілген патенттер халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы ғылыми мақалалар ретінде саналады;
     3) Ғылыми кеңес ұсынған монографиясы (соңғы 5 жылда басылған, ізденушіге кемінде 6 баспа табағы тиесілі), не Ғылыми кеңес немесе Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған жеке жазылған оқу (оқу-әдістемелік) құралы (соңғы 5 жылда басылған, көлемі 6 баспа табақтан кем емес, оқу процесінде кемінде 1 оқу жылы пайдаланылады), не оның басшылығымен диссертация қорғаған және ғылыми дәрежесі бар тұлғасы.
     Осы Ереженің 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілгендерге қосымша Томсон Рейтер (Web of Science, Thomson Reuters) компаниясының ақпараттық базасының деректері бойынша тиісті саладағы жарияланымдары жарияланған сәтінде 1,0-ден жоғары импакт-факторы бар халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған кемінде 3 ғылыми мақаласы болған жағдайда осы ереженің 4-тармағының 3) тармақшасының талаптарын орындау талап етілмейді
     5. Профессор ғылыми атағы ғылыми дәрежесі (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) немесе аға ғылыми қызметкер ғылыми атағы бар және ғылыми атақ беруге қолдау хат ұсынған ұйымда толық ставкада жұмыс істейтін тұлғаларға мынадай жағдайларда беріледі:
        1) қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алғаннан кейін ғылыми және (немесе) ғылыми-педагогикалық қызметте 5 жылдан кем емес, оның ішінде жоғары оқу орнында профессордан төмен емес лауазымда немесе ғылыми ұйымда тиісті лауазымда, жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның басшысы, жоғары оқу орны басшысының орынбасары, бөлімшелер басшылары лауазымдарында 2 жыл үзіліссіз өтілі;
        2) қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алғаннан кейін жарияланған, сұратылған мамандық бойынша 28 ғылыми мақаласы (тезистер емес), оның ішінде уәкілетті орган ұсынған басылымдарда 20 ғылыми мақала және осы Ереженің 4-тармағының 2) тармақшасының талаптарын қанағаттандыратын халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 3 ғылыми мақала;
        Ғылыми кеңес ұсынған және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алғаннан кейін жарияланған монографиясы (авторлығы кемінде 6 баспа табақты құрайтын), не Ғылыми кеңес/Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған жеке жазылған оқулығы (соңғы 5 жылда басылған, жалпы көлемі 6 баспа табақтан кем емес, білім беру процесінде кемінде 1 оқу жылы пайдаланылады), не оның басшылығымен диссертация қорғаған және ғылыми дәрежесі бар 3 тұлғасы.
     Осы Ереженің 5-тармағының 2) тармақшасында көрсетілгендерге қосымша Томсон Рейтер (Web of Science, Thomson Reuters) компаниясының ақпараттық базасының деректері бойынша тиісті саладағы жарияланымдары жарияланған сәтінде 1,0-ден жоғары импакт-факторы бар халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған кемінде 5 ғылыми мақаласы болған жағдайда осы ереженің 5-тармағының 3) тармақшасының талаптарын орындау талап етілмейді.
     5-1. Профессор ғылыми атағы ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі бар және ғылыми атақ беруге қолдау хат ұсынған ұйымда толық ставкада жұмыс істейтін тұлғаларға мынадай жағдайларда беріледі:
        1) диссертация қорғағаннан кейін ғылыми және (немесе) ғылыми-педагогикалық қызметте 8 жылдан кем емес, оның ішінде жоғары оқу орнында қауымдастырылған профессордан (доценттен) төмен емес лауазымда немесе ғылыми ұйымда аға ғылыми қызметкер лауазымында, жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның басшысы, басшысының орынбасары, бөлімшелерінің басшылары лауазымдарында 2 жыл үзіліссіз өтілі;
        2) қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алғаннан кейін жарияланған сұратылған мамандық бойынша 42 ғылыми мақаласы (тезистер емес), оның ішінде уәкілетті орган ұсынған басылымдарда 30 және Томсон Рейтер (Web of Science, Thomson Reuters) компаниясының ақпараттық базасының деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторы бар халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 5 ғылыми мақаласы;
        3) Ғылыми кеңес ұсынған және диссертация қорғағаннан кейін жарияланған 2 монографиясы (авторлығы кемінде 10 баспа табақты құрайды), не Ғылыми кеңес/Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған жеке жазылған 2 оқулығы (соңғы 5 жылда басылған, жалпы көлемі 12 баспа табақтан кем емес, білім беру процесінде кемінде 1 оқу жылы пайдаланылады), не оның басшылығымен диссертация қорғаған және ғылыми дәрежесі бар 4 тұлғасы.
     Осы Ереженің 5-1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілгендерге қосымша Томсон Рейтер (Web of Science, Thomson Reuters) компаниясының ақпараттық базасының деректері бойынша тиісті саладағы жарияланымдары жарияланған сәтінде 1,0-ден жоғары импакт-факторы бар халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған кемінде 7 ғылыми мақаласы болған жағдайда осы Ереженің 5-1-тармағының 3) тармақшасының талаптарын орындау талап етілмейді.
     6. Ғылыми атақты беру кезінде кәсіби қызметінің ерекшеліктері ескеріле отырып: 
        1) офицерлер әзірлеген көлемі 6 (алты) баспа табақ оқулық немесе оқу құралы ретінде оқу процесінде кемінде 1 (бір) оқу жылы пайдаланылған жедел-тактикалық (арнайы тактикалық) тапсырмалар жинағы есептеледі, халықаралық ғылыми журналдардағы ғылыми жарияланымы ретінде Комитет ұсынған журналдардағы жарияланымдар есептелуі мүмкін;
        2) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қарастырылған Қазақстан Республикасының құрметті атақтары берілген өнер саласы қызметкерлерінің ғылыми жарияланымдары ретінде 4-тармақтың 2) тармақшасында және 5-тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген мөлшердегі шығармашылық еңбектері есептеледі, даярлаған тұлғалары ретінде – халықаралық конкурстардың, көрмелердің, фестивальдердің, байқаулардың, сыйлықтардың лауреаттары (дипломанттары) есептеледі;
        3) «Еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағы бар дене тәрбиесі және спорт маманы даярлаған оқушылар ретінде Азия, Еуропа чемпиондары, әлем, Азия, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері есептеледі.
     7. Ғылыми атақ беру туралы қолдау хатты Комитетке жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның Ғылыми кеңесі ұсынады. Ғылыми кеңес қолдаухат жіберу туралы шешім қабылдаудан 1 ай бұрын осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша анықтаманы және оның жарияланымдарының тізімін жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның интернет-ресурстарында орналастырады.
     Қолдау хатқа аттестаттау ісі қоса беріледі, оған мынадай құжаттар кіреді:
        1) ілеспе хат - ұйымның бланкісінде материалдарды жіберу мерзімі көрсетілген Ғылыми кеңес төрағасы қол қойған ұсыным;
        2) еңбектер тізімі және тиісті жарияланымдар көшірмелері;
        3) ізденушінің ғылыми және педагогикалық қызметі көрсетілген ұйымның Ғылыми кеңесі отырысының хаттамасынан үзінді;
        4) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, ғылыми дәрежелері мен атақтары туралы дипломдар көшірмелері;
        5) жұмыс орны растаған кадр есебі бойынша жеке іс парағы;
        6) жұмыс орны растаған Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;
        7) шәкірттер (ғылыми дәрежесі бар тұлғалар) дайындағанын растайтын ресми құжаттардың көшірмелері немесе монографияның немесе оқулықтың (оқу құралының) түпнұсқасы;
        8) қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде аты, жөні, тегі (болған жағдайда) жазылу туралы мәлімет.
     Қандай да бір құжаттар болмаған жағдайда Комитет аттестаттау ісін қарамай, қайтару себебін көрсетіп аттестаттау ісінің Комитетте тіркелген күнінен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде қайтарады. Жоғары оқу орны немесе ғылыми ұйым аттестаттау ісін қайтарылған күнінен бастап 1 айдан кем емес мерзімде қайта ұсынады. Бұл ретте Ғылыми кеңестің жаңа қолдау хаты ұсынылады.
     7-1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың басқа елдің мемлекеттік аттестаттау органдарында алған ғылыми атақтарын тану Қазақстан Республикасының тиісті аттестаттарын бере отырып, қауымдастырылған профессор (доцент), профессор атақтарын беру арқылы жүргізіледі.
     7-2. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың басқа елдің мемлекеттік аттестаттау органдарында алған ғылыми атақтарын тану мынадай құжаттарды ұсыну арқылы жүргізіледі:
        1) сұратылған мамандықтың атауы және шифры көрсетілген олар жұмыс істейтін жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның қолдаухаты;br />         2) жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі;
        3) шетелде ғылыми атақ берілгені туралы аттестаттың нотариалды расталған көшірмесі немесе оның нотариалды расталған аудармасы;
        4) қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде аты, жөні, тегі (болған жағдайда) жазылу туралы мәлімет.
     8. Ғылыми атақты ізденушілердің Комитетке жіберілетін аттестациялық істерін ресімдеуге байланысты шығыстарды төлеу Ғылыми кеңестер жұмыс істейтін, Комитетке тиісті ұсыныстарды әзірлеген ұйымдар есебінен жүргізіледі.
     9. Ғылыми атақ беру жөніндегі аттестациялық істер аттестациялық істің Комитетте тіркелген күнінен бастап 2 (екі) айда қаралады.
     10. Қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарын ізденушілердің аттестаттау істерінің осы Ережеге сәйкестігі Комитеттің консультативтік-кеңес беру органы болып табылатын Сараптамалық кеңесте анықталады.
     Аттестаттау ісін қарау нәтижесінде Сараптамалық кеңес осы Ережеге 2-3 қосымшаларға сәйкес нысанда қорытынды қабылдайды. Сараптамалық кеңестің қорытындысы негізінде Комитет ғылыми атақ беру/беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды және тиісті бұйрық шығарады.
     Ғылыми атақты беру туралы шешім Комитеттің интернет-ресурстарында шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде орналастырылады.
     Ғылыми атақты беруден бас тарту шешім жоғары оқу орнына немесе ғылыми ұйымға шешім қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде хабарланады. Бұл ретте Ғылыми кеңес осы атақты беру туралы жаңа ұсынымды кем дегенде 1 жылдан кейін береді.
     Ұсынылған ғылыми мақалаларда, монографияларда, оқу (оқу-әдістемелік) құралдарында, оқулықтарда авторы мен дереккөзіне сілтемесіз бөтен материалды пайдаланған жағдайда Комитет теріс шешім қабылдайды, ол жоғары оқу орнына немесе ғылыми ұйымға шешім қабылданған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде хабарланады. Бұл ретте осы тұлға бойынша қолдау хат Комитетке қайта берілмейді.
     11. Ғылыми атақ беру туралы жаңа ұсынымды Ғылыми кеңес Комитеттің осы атақты беруден бас тарту туралы шешімі шыққаннан кейін кем дегенде бір жылдан соң береді. Ізденушінің жаңадан жарияланған ғылыми жұмыстары, оқулықтары, оқу құралдарының болуы қолдау хатты қайта беру үшін шарт болып табылады.
     12. Қауымдастырылған профессорларға (доцент) және профессорларға мемлекеттік үлгідегі аттестаттар беріледі.
     13. Ғылыми атақтарды беру мәселелері туралы Комитеттің шешімі шыққан күннен бастап 2 (екі) ай ішінде ізденуші Комитетке апелляция бере алады. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін апелляция Комитет қарауына қабылданбайды.
     14. Ғылыми атақтарды (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру мәселелері бойынша сотқа дейінгі дауларды реттеу үшін Комитет ізденуші апелляция берген күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде құрамында Комитеттің 2 (екі) өкілі және тиісті мамандық бойынша 3 (үш) ғалымы бар апелляциялық комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
     Комиссия құрылған күнінен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде аттестациялық істің материалдарын қарап, апелляция бойынша қорытынды дайындайды.
     15. Комиссия өз қызметінде осы Ережені басшылыққа алады.
     16. Апелляциялық комиссияның қорытындысы комиссия мүшелерінің көпшілік ашық дауыс беруі нәтижесінде қабылданады және оған комиссияның барлық мүшелері қол қояды.
     17. Апелляциялық комиссияның қорытындысы бойынша Комитет 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде шешім қабылдайды және шағымданушыға хабарлайды.
     18. Осы Ережемен реттелмейтін даулар, оның ішінде ғылыми атақтардан айыру (қалпына келтіру), апелляция беру мерзімін қалпына келтіру мәселелері сот тәртібімен шешіледі.

 

Қосымша 1

Қосымша 2

Қосымша 3

Наверх